YouTube-ты ығыстыру жоспары: Кремль мақсатына жақындай түсті

Ресейдің технология саласын реттейтін органдары YouTube видео платформасына жылдар бойы қырын қарап келген. Платформа көптеген ресейлік үшін цензураланбаған жаңалық пен ақпараттың ошағы болып келді. Ал блогерлер мен инфлюенсерлер желіні табыс көзіне айналдырды.

Билік платформа жұмысын баяулатып, ресейлік көрермендерді шаршатуға тырысты. Олар тіпті платформа иесі Google компаниясынан серверлерін Ресей аумағына қоюды талап еткен. Бұл оларға ақпарат ағымын бақылауға жол ашпақ еді.

Кремль сондай-ақ отандық балама платформаларды да дәріптеп көрді.

Нәтиже қандай болды?

Сарапшылардың айтуынша, Ресей түпкі мақсатына әлі жете қойған жоқ, бірақ жақындап қалған.

Мәскеу Кремль бақылауында болатын отандық интернет жасауға жылдар бойы ұмтылып келді. Мұндай "басқарылатын" интернетте ресейліктер үшін таңдау аз болып, еркін ақпарат иллюзияға айналады да, адамдардың не көріп, не айтқаны мұқият бақыланар еді.

Өткен аптада Ресей шенеуніктері WhatsApp мессенжерін бұғаттауға жақын екенін білдірді. Meta компаниясына қарайтын бұл мессенжер ел арасында жаңалық және коммуникация құралы ретінде кеңінен қолданылады.

"Ресейде YouTube-тың орны үлкен" дейді Германияның Сыртқы саясат жөніндегі кеңесінің зерттеушісі Филипп Дитрих. "Егер сіз қай видеолар жарияланатынын, қайсысы жарияланбайтынын бақылай алатын платформаға ие болсаңыз, бұл үкімет үшін зор артықшылық".

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Павел Дуров және Telegram. Мессенжердің артықшылығы мен кемшілігі қандай?

YouTube-тің танымалдығы

Ресейде видеоплатформаларды миллиондаған адам қолданады. Солардың ішінде YouTube ең танымалысы. Бұл тренд 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргенде күшейе бастады.

Ресейдегі жемқорлықты әшкерелеуші Алексей Навальный қайтыс боларының алдында YouTube-те зерттеу видеоларын жариялап, оларды бір Ресейдің өзінде ондаған миллион адам көрген. Тартымды сұхбаттарымен және өткір сұрақтарымен танылған ресейлік журналист Юрий Дудьтің YouTube-арнасына ел ішінде және шетелде 10 миллионнан астам адам жазылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Мәскеу соты журналист Юрий Дудьты сырттай қамауға алды

Mediascope зерттеуінеқарағанда, 2024 жылдың екінші жартысында YouTube-ке ай сайын 95,9 млн ресейлік кіріп отырған. Бірақ мемлекеттік органдар платформа жұмысын баяулатқан соң, 2025 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш төмендеп қалды.

Ресей YouTube-ке балама деп кемі бес видео-стриминг жобасын іске қосты. Мұндай сайттарды жалпылай Рунет деп атайды.

VK корпорациясы құрған "VK Видео" көрілім жағынан әлі де артта, бірақ оның аудиториясы тұрақты өсіп келеді. VK-ның өзі Facebook-ке балама ретінде пайда болған.

Бұдан бөлек "Газпром" иелік ететін Rutube, 2022 жылы "Яндекс"-тен бөлініп шыққан "Дзен", VK-ның Facebook-ке ұқсайтын тағы бір платформасы – "ОК Видео" бар.

Бұған дейін Russia Today деп танылған мемлекеттік телеарнаның құрылтайшысы 2024 жылғы маусымда "Платформа"дейтін стриминг қызметін іске қосты. Бірақ бұл жоба барлық көрсеткіш бойынша сәтсіздікке ұшырады: күнделік көрілім саны ондаған мың шамасында ғана болды.

Азаттық радиосы Орыс қызметіне қарасты "Система" зерттеу тобының дерегінше, "Платформадағы" ең танымал контент – пираттық контент. Өткен айда "Платформаны" әзірлеушілер сервисті жаңғыртатынын мәлімдеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ресеймен байланыста болғымыз келмейді". Соғыстан соң Қазақстанға келген дәрігерлердің пікірі

"Басты бәсекелесі – YouTube-ты бұғаттау арқылы өз сервисін бизнеске айналдыруға тырысып отырғаны анық. Ал қаржы жеке инвесторлардан емес, мемлекеттік бюджеттен бөлінуде. Бұл кәдімгі қарапайым ұрлық", – дейді "Интернетті қорғау қоғамының" директоры, ресейлік блоггер Михаил Климарев.

Филипп Дитрихтің айтуынша, әзірге YouTube-тың ең ықтимал баламасы – VK Видео.

"Меніңше, ең ірі жалғыз балама – VK Видео. Негізгі ойынша солар. Олардың ақшасы бар, үкімет қолдайды, серверлері мен жақсы инженерлері бар. Егер қаржы жемқорлыққа ұрынбаса, VK Видео табысты болмақ", – дейді сарапшы.

VK құрылтайшыларының және жоғары лауазымды шенділерінің арқасында Ресей өкіметінен қолдау тауып отыр.

Путиннің сенімді адамы Юрий Ковальчук басқаратын "СОГАЗ" сақтандыру компаниясы – негізгі акционерлердің бірі. Ірі акционерлердің қатарында мемлекеттік алпауыт "Газпромның" медиа жобасы "Газпром-медиа" да бар.

Кремль баспасөз хабарламалары жиі жарияланатын Rutube те осы "Газпром-медиаға" қарайды.

VK-ның бас директоры Владимир Кириенко. Оның әкесі – Ресейдің ішкі саясатына жауапты тұлға. Ковальчуктің немере інісі Степан VK‑ның вице-президенті болған. Ол "VK Видео" жобасын әзірлеуге қатысқан.

Әзірге "VK Видеоның" ең үлкен мәселесі – аудитория көрсеткіштерінің қаншалық шынайы болып отырғаны дейді Дитрих. Оның сөзінше, сайттың статистикалық көрсеткіштері шынайы не қолдан жасалғанын анықтаудың нақты жолы жоқ.

Қабырғаны қалайтын тағы бір кірпіш

Ресей билігінің интернетті бақылауды күшейту әрекеттері 1990 жылдардың соңында басталған. Сол кезде интернетті бақылауға арналған Жедел іздестіру іс-шаралары жүйесі жасалды – бұл интернетті бақылауға арналған құрал болатын.

Кейінгі жылдары билік интернет-компанияларға бақылауды арттыратын және реттеуші орган Роскомнадзордың өкілетін кеңейтетін бірқатар заң қабылдады. Олар елдегі ірі технологиялық алпауыттар – "Яндексті", VK-ны, Mail.ru және Wildberries жобаларын Кремльге жақын азаматтарға беру арқылы бақылауға алды.

Олар сондай-ақ бұғатты айналып өтетін, құзырлы орган бақылауына түспеуге жол беретін VPN қызметтерін қолдануды қылмысқа теңеді. Кейінгі кездері депутаттар VPN қызметін іздеудің өзін де қылмысқа теңеуге талпынып отыр.

Наурыз айында Кремльде өткен телевизиялық жиында президент Владимир Путин шетелдік Microsoft және Zoom сияқты технологиялық компанияларды ығыстыруды талап етіп: "Оларды тұншықтыру керек. Толық келісемін", – деді.

"Меніңше, олар Қытай үлгісіне ұқсас жүйеге қарай жылжып келеді, Солтүстік Корея моделіне емес", – дейді Дитрих. "Кейбір адамдар толық оқшаулау болады деп ойлайды. Бірақ бұл мүмкін емес, өйткені ол экономиканы күйретеді".

Ресейліктерді YouTube-тен бездіру жолында Кремль көптеген қызметті қатар атқаратын "супер қосымша" әзірлеуді де қолға алды. Бұл мобильді қосымша сөйлесуге, банк қызметін қолдануға, кездесуге, такси шақыруға, салық төлеуге, музыка тыңдауға, ойын ойнауға, тамаққа алдыртуға, сурет бөлісуге және көптеген өз қызметтерді пайдалануға мүмкіндік бермек.

VK әзірлеген "Макс" қосымша наурызда сынақтан өткен. Өткен айда Путин барлық мемлекеттік қызмет "Макске" көшірілуі керек деді.

"Мемлекет ретіндегі басты міндетіңіз – адамдарды бұл нәрсені қолдануға ашық мәжбүрлемей үйрететін идея ойлап табу" дейді Дитрих. "Ол үшін бұл экожүйені таптырмас жүйе етіп құру керек".

"Бұл қосымша арқылы іс жүзінде бәрін жасауға болады", – дейді ол.

Ресей билігі танымал мессенжерлерді де ығыстырғысы келетінін ашық айтып отыр. Mediascope дерегінше, ең танымал мессенжерлер – Ресейлік кәсіпкерлер құрған Telegram мен америкалық WhatsApp. Кейінгісі ресейліктер ең көп қолданатын мессенжер.

"Ресейліктерді ондаған жылдар бойы қолданып келген, сенімді және ыңғайлы платформалардан қауіпсіздігі күмәнді "Макске" көшіру қиын шаруа" деді белгілі ресейлік интернет-белсенді Саркис Дарбинян "Настоящее время" арнасына берген сұхбатында.

"Сондықтан, YouTube-ке жасалған сценарий қайталанатындай көрінеді. "VK Видеоның" танымалдығы күрт артқаны YouTube-тың бұғаттала бастағанымен сәйкес келді. Бірақ Ресей билігі бұғаттауды мойындамай отыр" дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тағы 6 жыл. Путиннің жаңа мерзімінен не күтуге болады?