Таиланд пен Камбоджа шекарасында үш күннен бері қақтығыс жалғасып жатыр. Шекарадағы оқиға кейінгі жылдардағы ең қанды қақтығыстардың біріне айналды: қаза болғандар 33 адамға жетті, ондаған мың адам баспаналарынан кетуге мәжбүр болған.
Жанжал 24 шілдеде басталған, содан бері жағдай ушығып келеді. Қақтығысқа әскери ұшақтар, артиллерия, танкілер мен жаяу әскер қатысып жатыр. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп, жұма күні жедел отырыс өткізді.
Камбоджа қорғаныс министрлігінің дерегінше, үш күн ішінде 13 адам қаза болған, сегізі – бейбіт тұрғын, бесеуі – әскери қызметкер. 71 адам жарақаттанған. Таиланд әскері жұма күні бес сарбаз қаза болғанын хабарлады. Осылайша қаза болған таилықтар 20 адамға жетті: 14-і – бейбіт тұрғын, алтауы – әскери қызметкер. 2008-2011 жылғы шекарадағы жанжалдан 28 адам опат болған.
26 шілдеде Камбоджа Таиландты Пурсат провинциясы аумағын атқылады деп айыптады. Атқыланған аудан негізгі майдан сызығынан шамамен 250 шақырым жерде жатыр. Камбоджа шекарасындағы Самраонг қаласында жүрген AFP тілшілері сенбі күні күндіз артиллерия дыбысын естігенін хабарлады. Шекарадан шамамен он шақырым жерде орналасқан Таиландтың Сисакет провинциясының жергілікті тұрғындары да атысты естігенін айтты.
Алдын ала мәлімет бойынша, Таиландтың қақтығысқа жақын орналасқан аудандарынан 138 мың адам эвакуацияланған. Камбоджада 35 мыңнан астам адам үйлерінен кеткен.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі отырысынан кейін Камбоджаның БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Чхеа Кео Пномпень атысты дереу және ешқандай шартсыз тоқтатып, қақтығысты бейбіт түрде шешуді ұсынады деді. Алайда Таиланд сыртқы істер министрі Марис Сангьямпонгса келіссөз бастау үшін Камбоджа «қақтығысты бітіруге шынайы талпынысын» көрсетуі керек деді. Ол Пномпенді «Таиландтың егемендігін бұзуды тоқтатып», екіжақты диалогқа оралуға шақырды.
Тараптар сонымен бірге бір-бірін әскери қимылды бастады деп те айыптады. Таиландтың айтуынша, Камбоджа әскері мақсатты түрде азаматтық нысандарға шабуылдаған. Ал Камбоджа өз кезегінде Таиландты тыйым салынған кассеталық оқ-дәріні пайдаланды деп кінәлады.
Бақылаушылардың айтуынша, қақтығыс аймақтағы тұрақтылыққа қауіп төндіруі ықтимал. Екі ел де миллиондаған турист баратын танымал бағыттардың бірі. Таиланд – қазақстандықтар жиі саяхаттайтын әрі визасыз бара алатын елдің бірі. Сыртқы істер министрлігі хабарлауынша, кикілжің аймағында қазақстандық турист жоқ.
Таиланд-Камбоджа арасындағы кикілжің басталғалы бір ғасырдан асты. Екі ел қазір туристік орынға айналған қос ғибадатхана кешені орналасқан аумаққа таласып келеді. 1962 жылы БҰҰ халықаралық соты Прэахвихеа храмын Камбоджаға тиесілі деген шешімге келген. Десе де шекара маңындағы қақтығыс тоқтамаған. 2008 жылы Пномпень 11 ғасырға тиесілі храмды ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасы ретінде тіркемек болғанда ахуал ушыққан. Осыдан соң тараптар арасында оқтын-оқтын қарулы қақтығыстар болып тұрды. Ең ауыр текетірес 2011 жылы тіркелді.