Жексенбі, 27 шілде күні Мәскеудің Шереметьево әуежайынан Солтүстік Корея астанасы Пхеньянға алғашқы тікелей әуе рейсімен ресейлік Nordwind авиакомпаниясына тиесілі Boeing-777 ұшағы сапарға шықты, деп хабарлады ТАСС агенттігі. Ұшақ 29 шілде күні Ресейге оралады деп жоспарланған.
Ресейдің Азаматтық авиация агенттігі (Росавиация) шілде айының басында Nordwind компаниясына Солтүстік Кореяға ұшуға рұқсат берген. Мәліметке сәйкес, "тұрақты сұраныс қалыптастыру мен рейстердің толық жүктелуін қамтамасыз ету мақсатында" Мәскеу мен Пхеньян арасына айына бір рет ұшақ қатынасы болады.
Пхеньян мен Владивосток арасында да тікелей рейстер бар, бірақ ол екі араға Солтүстік Кореяның Air Koryo әуе компаниясы ұшағы ұшады. Оған билет Солтүстік Кореяға экскурсиялық саяхат аясында ғана сатылады.
27 шілде – 1953 жылы Солтүстік және Оңтүстік Корея арасындағы үш жылға созылған соғысты тоқтату туралы бітім күшіне енген күні. Солтүстік Корея бұл күнді "Жеңіс күні" ретінде атап өтті. Ел басшысы Ким Чен Ын мерекелік шараларға қатысып, сөзінде Ресейге де тоқталды. Ол Ресей "антиимпериалистік күреске" қатысып жатыр деп мәлімдеді. Солтүстік Корея сарбаздары Курск облысында Ресей әскері құрамында Украина қарулы күштеріне қарсы соғысқа қатысқан.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Солтүстік Корея Ресейдің Курск өңірінде өлген сарбаздарын жерлеу рәсімін көрсеттіБылтыр Ресей мен Солтүстік Корея 2020 жылы пандемияға байланысты тоқтатылған жолаушы пойызы қатынасын қайта жандандырған.
2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Еуроодақ елдері, АҚШ және басқа да бірнеше мемлекет Ресейге қарсы салған санкциялар аясында тікелей әуе қатынасын тоқтатты. Қазір Еуропаға тек үшінші елдер – көбіне Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері немесе Әзербайжан арқылы ғана жетуге болады.
Солтүстік Корея Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын ашық түрде қолдады және Ресеймен стратегиялық әріптестік (іс жүзінде – әскери одақ) туралы келісім жасасты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Солтүстік Корея Ресейге 12 млн снаряд жеткізген болуы мүмкін