Марат Жыланбаевтың адвокаты белсенді түрмеде аузын тіккенін хабарлады

Марат Жыланбаев отырған Степногорскідегі № 4 мекемесінде ілініп тұрған тақта.

Ақмола облысы Степногорск қаласындағы №4 мекемеде жазасын өтеп жатқан белгілі марафоншы, "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастама топ жетекшісі Марат Жыланбаев қарсылық ретінде аузын тікті. Бұл жөнінде белсендінің әйеліне сүйенген адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады. Бұған дейін Жыланбаев түрме әкімшілігінің әрекетіне наразылық білдіріп, 26 наурызда аштық жариялаған еді.

— Түрме әкімшілігі оған берген уәдені орындаған жоқ. Олар оған жүгіруге мүмкіндік беретінін айтқан. Ол сурет те салады, олар оған сурет салуға рұқсат беруге уәде еткен. Бірақ олар өз уәделерінде тұрмағандықтан Марат Жыланбаев аштық жариялап, аузын тікті, – деді Досқараев Азаттыққа.

Азаттық Степногорск мекемесіне хабарласты. Кезекші бөліміндегілер толымды ақпарат беруден бас тартты.

Ақмола облыстық қылмыстық-атқару жүйесі депаратменті 4 сәуірде шағын хабарлама жіберді:

"Әлеуметтік желіде тараған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Аталған сотталушы мекеме әкімшілігіне ешқандай шағым түсірмеген. Ол адвокатпен үнемі байланыста, туыстарымен телефон арқылы сөйлеседі, олармен кездесулер ұйымдастырылған" деп жазылған хабарламада.

61-жастағы Жыланбаев түрмеде отырып, түрмедегі жағдай мен сот үкіміне қарсы бірнеше рет аштық жариялаған. Оны тәртіптік изоляторға да қамаған.

2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.

Бұған дейін IPHR пен Қазақстандағы адам құқығы бойынша бюро Жыланбаев Конституциядағы ойын еркін айту, бейбіт түрде жиналу құқықтары үшін жауапқа тартылғанын, оның ісінде ешқандай "экстремизм белгілер" жоғын айтқан еді.